Ақсу қаласының Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінде «Даналық мектеп» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-баба мұрасын қадірлеу мақсатында 2 «Ғ» сыныбында «Қамшы сыры» тақырыбында тағылымды тәрбие сағаты өтті.
Шараның мақсаты — оқушыларды қазақ халқының ұлттық мұрасы болып саналатын қамшының шығу тарихы, түрлері және тәрбиелік мәнімен таныстыру. Қамшының тек тұрмыстық құрал ғана емес, тәрбие мен тәлімнің, ерлік пен парасаттың символы екенін ұғындыру. Балаларды үлкенді сыйлауға, ата кәсіпті құрметтеуге, ұлттық салт-дәстүрді қадірлеуге баулу.
Тамыры терең тарих бөлігінде оқушылар қамшының қазақ өміріндегі орны, оның қолданылу ерекшеліктері туралы мәлімет алып, ұлттық құндылықтардың мәнін терең түсінді. Қамшының елдік пен тектіліктің белгісі екенін ұғынып, ата-бабамыздың өнегелі өмірінен тағылым алды.
Өткен мен бүгіннің жалғасы ретінде ұйымдастырылған шарада оқушылар өз ойларын еркін білдіріп, сұрақтар қойып, танымдық белсенділіктерін көрсетті. Ұлттық мұраны тану арқылы тарихқа деген құрметі артып, рухани байлықтың маңызын сезінді.
Тәрбие — тал бесіктен екенін ұғындыру — іс-шараның басты бағыты болды.
Іс-шара барысында арнайы қонақ ретінде шақырылған Шаймардан Дарияның атасы Суиндиков Шаймардан Сламбекович оқушыларға қамшы иірудің қыр-сырын көрсетіп, оның жасалу жолдары мен тәрбиелік мәні туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ата өз тәжірибесімен бөлісіп, қолөнердің тек еңбек емес, сабыр мен төзімділікке, ұқыптылыққа тәрбиелейтін ұлттық мұра екенін түсіндірді. Балалар атадан қамшы иірудің алғашқы тәсілдерін үйреніп, үлкен қызығушылық танытты.
Оқушыларды тәртіпке, әдепке, сабырлылық пен жауапкершілікке тәрбиелеу көзделді. «Қамшы — тәрбие құралы» екенін түсініп, үлкеннің сөзін тыңдау, сый-құрмет көрсету секілді асыл қасиеттерді бойларына сіңірді.
Іс-шара барысында 2 «Ғ» сынып оқушылары ұлттық дәстүр, ата-баба мұрасы туралы өлеңдер оқып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Шара соңында тәрбиелік мәні терең қорытынды жасалып, ұлттық құндылықтарды қастерлеудің маңызы атап өтілді
Ұлттық мұра — ұрпаққа аманат!
Ұйымдастырушы:
сынып жетекші — Хайса Б.
