Қазіргі қоғамның басты байлығы – білімді, тәрбиелі, саналы ұрпақ. Осындай ұрпақты қалыптастыруда ата-ана мен ұстаздың бірлескен еңбегі шешуші рөл атқарады. Себебі, бала тәрбиесі тек мектептің немесе тек отбасының міндеті емес, бұл – екі жақтың ортақ жауапкершілігі.
Ата-ана – баланың өміріндегі алғашқы ұстаз. Отбасында бала мейірімділікке, сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, еңбекқорлық пен жауапкершілікке үйренеді. Ата-ананың әрбір сөзі мен ісі баланың мінез-құлқы мен дүниетанымының қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Ал ұстаз – баланың білім әлеміндегі жол көрсетушісі. Ол оқушының қабілетін ашып, дұрыс бағыт-бағдар береді, өзіне сенімді, ойы еркін, білімді тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Ұстаз тек білім беріп қана қоймай, тәрбие арқылы баланың азаматтық ұстанымын, адамгершілік қасиеттерін дамытады.
Ата-ана мен ұстаздың ортақ мақсаты:
– ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, рухани бай тұлға тәрбиелеу;
– жауапкершілігі жоғары, тәртіпті, еңбекқор ұрпақ қалыптастыру;
– білімге құштар, өмірге бейім, өз ойын ашық жеткізе алатын азамат өсіру;
– қоғамға пайдалы, елін сүйетін саналы тұлға тәрбиелеу.
