24 желтоқсан күні елге есімі мәлім, тұлғасы тұнған тәлім иесі – Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында 9-10 сынып оқушыларының қатысуымен “Ұрпақ үшін рухы биік Бауыржан” атты тарихи-патриоттық кеш өтті. Шараны мектеп кітапханашылары ұйымдастырды.
Мақсаты: қазақ халқының қаһарман ұлы, жазушы Бауыржан атамыздың өмір жолынан мағлұмат беру, ерліктерін, артында қалдырған өсиет сөздерін үлгі ету; оқушыларды шығармалыққа, ізденпаздыққа баулу, патриоттық сезім нығайту.
Іс-шара барысында халқымыздың біртуар ұлы, даңқты қолбасшы, жазушы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолы кеңінен баяндалды. Бауыржан Момышұлы – жаужүрек қолбасшы ғана емес, әскери тактиканы жетік меңгерген стратег, терең ойлы қаламгер, ұлтжанды тұлға. Қатысушылар батырдың шығармашылығына тоқталып, оның өнегелі ғұмыры мен қаһармандық қасиеттері жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісіп, шығармаларын оқып, сұрақтарға жауап беру арқылы кері байланыс орнатылды. Шара соңында арнайы жабдықталған кітап көрмесіндегі Бауыржан Момышұлының өмірі, майдандағы ерлігі мен шығармашылық мұрасы туралы баяндайтын кітаптар, әдеби және өмірбаяндық басылымдарға библиографиялық шолу ұсынылды.
Аталмыш тағылымды шаралар арқылы жас буын батыр бабаларымыздың мұрасын танып, ел қорғауға, туған жерін сүюге деген сенімін нығайтады. Батырдың есімі – мәңгілік, ерлігі – ұрпаққа аманат!
