Дәрумендердің адам өмірінде маңызы зор. Адам ағзасы дәрумендерді табиғи түрде тағамнан алады. Ағзада көптеген суда еритін дәрумендердің «қоры» болмайды, осыған байланысты қажетті деңгейді толтыру үшін олардың тағаммен үнемі күн сайын түсуін қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты рационды құру кезінде барынша әртүрлілікке ұмтылу және оның құрамына өнімдердің барлық топтарын қосу қажет. Бұл ретте азық-түліктің сапасына, оларды сақтау кезінде дәрумендердің азаюына, дайындау және өңдеу технологиясына, сонымен қатар сол немесе өзге де өнімдерден дәрумендердің сіңу дәрежесіне назар аудару қажет.
Қазіргі заманда көптеген адамдар тамақтану рационы жағынан көмірсу және май құрамды өнімдерге бет бұрған, олардың тамақтануында ұннан жасалған, қуырылған тағамдар, тәтті газдалған сусындар басым, бұдан басқа гиподинамиямен бірге жүретін әдеттер (компьютер және смартфонда ұзақ уақыт отыру) бар. Құнарсыз тамақтану ағзада дәрумендер тапшылығының туындауына ықпал етеді. Дәрумен жетіспеушілігі – бұл ағзаның дәрумендермен аз қамтамасыз етілуінен туындаған жағдай. Ауырлығына байланысты авитаминоз, гиповитаминоз, ағзаның дәрумендермен субнормалдық қамтамасыз ету деп атайды. Авитаминоз – мырыш жетіспеушілігі, бери-бери және т.б. ауруларында туындайтын симтомокомплекске тән дамулармен ағзада дәрумендік ресурстардың толық таусылған кездегі жағдайы. Гиповитаминоз – аз спецификалық белгілермен (тәбеттің, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, шаршаудың жоғарылауы және т.б.) көрінетін ағзадағы дәрумендер қорының күрт, бірақ толық емес төмендеуі. Субнормалдық қамтамасыз ету – дәрумендердің тапшылығы, айқын белгілері жоқ, зертханалық әдіспен анықталатын, бұл жағдайда ағзаның инфекцияларға төзімділігі, физикалық және ақыл-ой қабілеті айтарлықтай төмендейді, науқастардың жазылу мерзімі баяулайды, созылмалы аурулар асқынады.
Әсіресе дәрумендер тапшылығына балалар ағзасы сезімтал болып келеді. Дәрумендердің болмауы немесе жетіспеушілігі зат алмасу процесінің бұзылуына, физикалық және ақыл-ой қабілетінің төмендеуіне, ағзаның тез шаршауына алып келеді, балалардың өсуі мен дамуына теріс әсер етеді, иммундық жүйенің патогенді факторлардың әсеріне және қоршаған ортаның қолайсыз әсеріне қарсы тұру қабілеті төмендейді. Балалар жасындағы дәрумендердің жетіспеушілігі болашақта атеросклероз, гипертония, гипрелипидемия, семіздік, қантдиабеті, остеопороз, подагра, кейбірқатерлі ісіктер сияқты аурулардың қалыптасуына әсер етуі мүмкін.
Жекелеген дәрумендердің жетіспеушілігінің маңыздылығы мен орнын толтыру:
— А дәрумені (ретинол) – майда еритін дәрумен, зат алмасуға көмектеседі, ақуыз синтезінің реттелуіне, тіс пен сүйектің қалыптасуына, майлардың шөгуіне, жаңа жасушалардың құрылуына қатысады. А дәруменінің жетіспеуінен иммунитет төмендейді (жиі жұқпалы аурулар), терінің құрғауы мен іріңді зақымдануы, шаштың құрғауы мен түтігуі, блефарит, ксефтальмия, «тауық» соқырлық (науқас ымыртта және түнде көрмейді) дамиды. А дәрумені көп мөлшерде балық майында, бауырда болады. Кілегей, жұмыртқаның сарыуызы, сары май ретинолға бай. Өсімдіктердің ішінде сәбізде, асқабақта, саумалдықта, броккольда, шабдалыда, өрікте, сояда, бұршақта кездеседі.
—В1 дәрумені (тиамин) – энергия тасымалдаушы майлар мен көмірсулардың ақуыздардың өзгерісіне қатысады, жүрек-қан тамыр және жүйке, асқорыту жүйелерінің тұрақты және дұрыс жұмыс жасауына көмектеседі. Тиамин бауырда, жұмыртқада, нан мен жармаларда, жаңғақта көптеп кездеседі. Дәруменнің жетіспеуі салмақ жоғалтумен, әлсіздікпен, ауырсынулармен, бас миының зақымдануымен, жүрек ырғағының бұзылысы және жүрек жеткіліксіздігімен сипатталатын полиневриттің (бери-бери, күріш ауруы) дамуына ықпал етеді.
— В2 дәрумені (рибофлавин) – энергияның түзілуіне, зат алмасу процесіне, гемоглобиннің синтезіне қатысады, балалардың дұрыс өсуі мен дамуына көмектеседі, көру қызметін, тері мен шырышты қабықшаның қалыпты жағдайын ұстап тұрады. Рибофлавиннің жетіспеушілігі тілдің ашық қызғылттануымен, еріннің жарылуымен, көмейдің ісінуімен, көзге қан құйылу мен қандағы эритроциттер деңгейінің төмендеуімен көздің нашарлауымен, тері жабындысының қабыршықтануы және терінің тығыздалуымен көрінеді. Бауыр, ет, жұмыртқа, нанда, жармалар, жаңғақтар рибофлавинге бай.
— В3 дәрумені (РР дәрумені, ниацин немесе никотин қышқылы)зат алмасу процесіне, майлар мен ақуыздардың синтезіне қатысады, бүйрек үсті безі, қантамыр және жүйке жүйесінің жұмысын реттейді.В3 дәруменінің жетіспеушілігі іш өту, терінің қабынуы, ақылдың нашарлауымен жүретін пеллаграауруына әкеледі, өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Ниацин көп мөлшерде бауырда, құс етінде, балықта, жұмыртқада, нанда, жармада, жаңғақта, бұршақ тұқымдастарда кездеседі.
-В6 дәрумені (пиридоксин)полиқанықпаған май қышқылдары мен гемоглобиннің синтезіне, ақуыздар мен көмірсулардың алмасу процесіне қатысады. Жүйке жүйесінің белсенділігін реттейді, антиденелердің түзілуіне, эритроциттердің қайта қалпына келуіне көмектеседі. Пиридоксин көп мөлшерде бананда, жұмыртқада, нанда және жармаларда, жаңғақта, ірі бұршақта, жасымықта, бауырда, етте, құс етінде кездеседі.
— В9 дәрумені (фоли қышқылы)жүйке жүйесі мен сүйек кемігінің қалыпты жұмысына қажет.Дәруменнің жетіспеушілігінен әлсіздік, жүдеу, күйзеліс, ұйқысыздық, қимыл-қозғалыс бұзылып, парестезия, шала салдану, сал ауруы пайда болады. Ауыз қуысының шырышты қабықшасында жаралар туындауы мүмкін, шаш көмескіленіп, сынғыш бола бастайды. Дәрумен келесідей өнімдердекездеседі: бауырда, треска балығының бауырында, нанда, ірі бұршақта, ақжелкенде, саумалдықта, салатта, жуада.
— В12 дәрумені (цианокобаламин)ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың қайта өңделуіне қатысады, жүйке жүйесінің қызметі мен дамуын қамтамасыз етеді. Цианокобаламиннің тапшылығы жұлын және ми жұмысының нашарлауын тудырады, сенсорлық, қимыл-қозғалыс белсенділігінің жоғалуына әкеледі, психикалық бұзылулар шаршаудан, тітіркенуден, депрессия мен есеңгіреуден басталады, прогресске қарай психоз және әр түрлі психикалық аурулар пайда болуы мүмкін, ауру қайтымсыз. Бидай өскіні, бауыр, бүйрек, ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, ашытқы, ірімшік цианокобаламинге бай.
— С дәрумені (аскорбин қышқылы) – суда еритін дәрумен, жоғарғы температурада жылдам өзгеріске ұшырайды, аскорбин қышқылына бай өнімдерден ас әзірлегенде оттегі мен жарықтың әсерінен сақ болу қажет. Ағзада С дәруменінің жетіспеушілігі әлсіздік, бозару, терінің құрғауы, тіс етінің қанауы, тістердің түсуі және қаусауымен, қызбамен сипатталатын қырқұлақ ауруының туындауына әкеледі, өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Кептірілген итмұрын, қарақат, қызыл және қара бұрыш, ақжелкек, цитрустар, қымыздық, бүлдірген, шалғам, қарлыған, орамжапырақ, қызанақ, брокколь, манго, ақжелкен, шабдалы, өрік, алма, құрма, шырғанақ, шетен, сұлы, саумалдық, сырық, қауын аскорбин қышқылына бай.
— Д дәрумені (эргокальциферол Д2, холекальциферол Д3)– майда еритін дәрумен. Ағзада кальций мен фосфордың сіңірілуін, олардың қандағы деңгейін және тіс пен сүйек ұлпасына түсуін реттейді. Балалар ағзасында Д дәруменінің жетіспеушілігі емізулі және ерте жастағы балалардың ағзасындағы фосфор-кальций алмасу процесінің бұзылысымен сипатталатын рахит ауруына шалдықтырады. Д дәрумені жануартекті өнімдердің ішінде сары майда, ірімшікте, басқа да сүт өнімдерінде, жұмыртқа сарыуызында, балық майында, уылдырықта кездеседі. Өсімдіктекті өнімдердің ішінде күнбағыс дәні, ақжелкен, қырықбуын, қалақай Д дәруменіне бай.
— Е дәрумені (токоферол)– майда еритін дәрумен. Жасушалардың қоректенуін жақсартады, иммундық жүйені нығайтады, А дәруменінің сіңірілуіне көмектеседі. Өсімдік майында, бидайдың ұрығында, алмада, бадамда, жержаңғақта, дәнді дақылдарда, ірі бұршақта, жасыл жапырақты көкөністерде, кебекті нанда, жаңғақтарда, брюссель орамжапырағында, итмұрында, сояда көп мөлшерде кездеседі. Жануартекті өнімдердің ішінде жұмыртқада, бауырда, сүт және сүт өнімдерінде, сиыр етінде кездеседі.
Балада дәрумен жетіспеушілігінің алдын алу сапалы тамақ өнімдерімен толыққанды үйлестірілген рационды қамтамасыз етуге, сондай-ақ күндіз таза ауада серуендеуге бағытталуы тиіс. Денсаулықта қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда дәрігерге қаралу қажет.